назад в новости
дата публикации:
04.04.2024

Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Жылдам кірістерді уәде еткен және ақылы сауалнамалары бар жалған сайттар Соңғы уақытта интернет кеңістігінде бүркеме қазақстандық банктердің, телекоммуникациялық, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың сайттарына сілтемелер белсенді түрде таралуда: «Бүгін 70 000 теңге инвестициялап, апта сайын 150 000 теңге алыңыз», «Қазақстан тұрғындары үшін қосымша табыс, инвестициялап, 600 000 теңгеден табыңыз», «Компаниялардың Қазақстан тұрғындары үшін тиімді акциялар», «Осы жұмыс алгоритмімен жұмыс істеген 4 ай ішінде 10 пайдаланушының 8-і жылжымайтын мүлікке ақша жинаған....» және басқалар. Алаяқтар халықты тартып, олардың сеніміне ие болу үшін экономиканың түрлі секторларындағы табысты қазақстандық кәсіпорындардың брендтерін бүркемелеп, танымал блогерлердің, атақты адамдардың есімдері мен фотосуреттерін пайдалануда.

Алаяқтардың ең көп белсенділігі әлеуметтік желілерде байқалады, онда посттар таратылады және жарнамасы бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырылады. Мұндай сайттардың мақсаты – әр түрлі инвестициялық құралдардың көмегімен тез және көп ақша тапқысы келетін адамдарды барынша көбірек тарту. Алаяқтар әлеуетті клиенттерге түрлі түсті есептер мен графиктерді ұсына отырып, инвестициялық қызмет сияқты етіп көрсетеді. Бірақ соңында салымшылардың қаражатын алып, жоқ болады, инвестор-сымақтар уәде етілген табыстан ғана емес, өздерінің бастапқы капиталынсыз қалады.

Сонымен бірге алаяқтар банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізу үшін түрлі амалдарға барады, мысалы, фишинг сайттарда сауалнамалар жүргізеді, ал онлайн-сауалнамадан өткені үшін марапат ретінде ақшалай сыйлықтар ұсынады. Фишинг сайттағы сұрақтар, әдетте, жеңіл болады. Кейбір тақырыптар қызықты видеомен бірге жүреді, оларды көру үшін гаджетке арнайы қосымша орнату керек. Әрине, сайт осы бағдарламалық қамтылымға сілтеме жасайды. Егер сіз оны жүктесеңіз, компьютеріңізге немесе смартфоныңызға деректерді ұрлап, оларды алаяқтарға бере алатын зиянды бағдарламалық қамтылымды автоматты түрде орнаттыңыз дей беріңіз. IP-мекен-жайыңыз фишинг сайтта да сақталады – бұл сіздің құрылғыңыз бен желі торабыңыздың бірегей желілік мекен-жайы.

Алаяқтар IP-мекенжайды пайдалана отырып, сіз қай елде екеніңізді, қай қалада тұрғаныңызды, провайдеріңіздің кім екенін оңай біліп алады және егер олар оның жүйесін бұза алатын болса, онда сіздің электрондық әмияндарыңызға, мобильдік банк қосымшаларына, әлеуметтік желілерге, электрондық поштаға логиндер мен құпия сөздерді таңдай алады.

Яғни, қаскүнемдер сіз туралы мүмкіндігінше көп ақпарат алу үшін интернеттегі әрекеттеріңізді бақылай алады. Сонымен қатар, сыртқы IP-мекен-жай арқылы білікті киберқылмыскерлер сіздің гаджетіңізге интернеттен қосыла алады не сіз жиі кіретін кейбір сайттарды ауыстыру арқылы сіз онлайн-кіре алатын теңшеуді өзгерте алады. Егер сіз фишинг парақшада, мысалы, өзіңіздің мобильді нөміріңізді енгізсеңіз, онда бұдан әрі бұл ақпаратты телефон алаяқтары оңай пайдалана алады. Егер сіз электрондық пошта, SMS немесе танымал мессенджер арқылы күмәнді сілтемесі бар хабарлама алсаңыз, оны тіпті сіздің танысыңыз немесе туысқаныңыз жіберген болса да, ол сілтеме бойынша өтпеңіз.

Егер сіз сілтемені ашып, ақылы сауалнамадан өтуді ұсынатын немесе жүлделер ұтыс ойыны немесе өзге де тартымды науқан өтетін фишинг сайтқа өткен болсаңыз, онда қатысудан бас тартқан дұрыс. Ақша ұсынылатын тұлғадан ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ұйымның ресми сайтына кіріңіз. Бірақ сайт мекенжайын қолмен терген дұрыс. Фишинг парақшаны бірден жауып, кэшті тазалап, IP-мекен-жайыңызды өзгертуді сұрап, интернет-провайдермен байланысқаныңыз жөн. Міндетті түрде гаджетіңіздегі вирусқа қарсы бағдарламаны жаңартыңыз