Ақшалай алаяқтық – қылмыстың ең көп тараған түрлерінің бірі. Ол Қазақстанда жасалатын қылмыстардың ішінде ұрлықтан кейін екінші орында тұр. Өкінішке қарай, OLX-те де алаяқтар жиі кездеседі. Пайдаланушылардың ақшасын ұрлау мақсатында неше түрлі амал-тәсілдер ойлап шығарылады. OLX ұжымы қымбатты тұтынушыларымыз бен пайдаланушыларымызды хабардар ету үшін көп жұмыс істеуде.
Интернетте ақша ұтыстары: кең таралған түрлері
• SMS хабарлама, кез келген мессенджерге немесе электрондық поштаға ақша ұтып алғаныңыз туралы ақпарат келеді, «сіздің пошта жәшігіңіз жеңімпаз атанды», «сіз миллион ұтып алдыңыз» және т.б. Мұндай хабарламаларда сізге ұтысыңызды жіберетіндерін айтып, сілтемеге өтіп, банк карта деректерін енгізуді сұрайды. Күдікті сілтемелер қауіпті, себебі олар телефоныңызға зиянды бағдарлама жіберіп, смартфоныңыздағы барлық құпия ақпараттарды ұрлап алуы мүмкін. Алаяқтар өздеріне қажетті ақпаратты алғаннан кейін, жоғалып кетеді және шотыңыздағы ақшаны ұрлайды. Ақша ұтып алғаныңыз туралы SMS келген жағдайда, ешқандай сілтемелерді баспаңыз, ешқандай форма/сауалнама толтырмаңыз, адресаттың нөмірін бөгеттеп, хатты спамға жіберген жөн.
• Телефон нөмірі бойынша ұтыс былай ұйымдастырылған: біреу сіздің ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, нөміріңіз конкурста/ұтыста жеңімпаз болып таңдалғанын және ақшалай сыйлығыңызды алу қажет екенін айтады. Ол үшін басқа нөмірге хабарласуыңызды сұрайды, онда сізді желіде ұзақ күткізіп, балансыңыздағы ақша босқа кетеді. Әлде банк картасының деректерін сұрап, ұтысты алу үшін шекті жарнаны немесе жеке тұлғаның табыс салығын төлеу керектігін айтады. Нәтижесінде сіздің деректеріңіз үшінші тұлғаларға белгілі болады немесе алаяқтарға өзіңіз жіберген ақшадан құр қаласыз.
• Лотерея ұтысы, онлайн лотереялар, интернетте ұтыс – бұлардың барлығы ұтыс іспетті ойластырылған айлалар, бұл үшін қайтадан құпия деректеріңізді қалдыру немесе қатысу үшін жарна төлеуіңіз керек екендігі айтылады. Көбіне алаяқтар адамдарды көлік, пәтер, смартфон, т.б. сияқты үлкен жүлделермен қызықтырады. Бірнеше адамнан жарна алу арқылы қылмыскерлер олжалы болып, сосын зым зия болады.
• Промокодтары бар фишингтік сайттардың танымалдығы артуда. Әртүрлі жеңілдіктер мен акциялардың жанкүйерлері промокоды бар сілтемелерді туыстарына, достарына және таныстарына қуана жібереді, бірақ бұл алаяқтық екенін тіпті байқамайды. Қылмыскерлер осындай жалған ұтыстар мен акцияларды тарату үшін «достарыңды әкел де, жеңілдік ал» әдісін пайдаланады. Көбісі осындай сілтемелерді дос-жарандарынан алатындықтан, күдіктенбейді. Адамдар жеңілдік купонын аламын деген үмітпен жеке деректерін енгізеді, бірақ соңында сайттар жалған боп шығады.
• Ақшалай сыйақысы бар әлеуметтік сауалнамалар: бірнеше сұраққа жауап бер де, жұмсаған уақытың үшін ақша ал. Көбіне алаяқтар мұндай сауалнамаларды банк немесе нарықта аты шыққан басқа ұйымдардың атынан жүргізеді. Бұл жалған сауалнамалардағы сұрақтар өте оңай, көп уақытты қажет етпейді, жаңа құрбандарды тарту үшін жасалады. Сауалнаманы толтырғаннан кейін сыйлық алу үшін сізден осы сілтемені 20 адамға жіберіп, сауалнаманы толтырып, жеке мәліметтеріңізді беру сұралады. Небәрі бірнеше минут ішінде құпия ақпарат үшінші тараптарға белгілі болады. Алаяқтарды анықтау және олардың тұзағына түспеу жайлы кеңестер
• Ешқашан ешкімге жеке және банк деректеріңізді айтпаңыз: карта нөмірі, CVV-код, онлайн-банкингтің құпия сөзі және т.б. Мұндай ақпаратты тіпті банк қызметкерлері де сұрамайды.
• Ақпарат оқитын сайтыңыздың сенімділігін тексеріңіз. Домен, атауы және дизнайнын сенімді дерек көздермен салыстырыңыз.
• Күмәнді сілтемелерге кірмеңіз, әсіресе сауалнамалар мен үлгілерді толтырудан аулақ болыңыз.
• Ұтыс, акция және т.б. жайлы ақпарат берілген күдікті хабарламаларды ешкімге жібермеңіз.
• Егер сізге телефон, электрондық пошта, SMS немесе мессенджер арқылы ұтыс жайлы хабар түссе, әрқашан ақпаратты қайта тексеріңіз, шынымен де сондай акцияның болып жатқанын нақтылаңыз.
• Өздерін банк қызметкері ретінде таныстыратын телефон алаяқтарына тап болсаңыз, тұтқаны қойып, нөмірді тексеріңіз. Қызмет көрсететін банкке қоңырау шалып, ақпаратты тексерген жөн. Банктің байланыс нөмірлері картаның артқы жағында көрсетіледі. OLX сервисінде алаяқтық: алаяқты қалай білуге болады? Жалған сатушыны анықтау үшін хабарланған жарнамаға мұқият көңіл бөлген жөн: • Грамматикалық және тыныс белгілік қателердің көптігі.
• Алаяқтар өнімдерді/қызметтерді тартымды бағамен ұсынады. Жарияланған бағаны нарықтағы бағамен салыстырыңыз.
• Жасанды дүрлікпе жасау. Жалған сатушы сізге жан-жақты психологиялық қысым жасайды, сізден басқа тауарды алғысы келетін адамдар көп екенін айтып сізді асықтырады.
• Алдын ала төлем сұралған жағдайда сақ болыңыз. Тауардың шынымен бар екеніне және сатушыға сенуге болатынына көз жеткізбейінше ешкімге ақша жібермеңіз.
Сақ болыңыз! Түрлі онлайн-акциялар мен ұтыстарға қатысу қызықты көрінсе де, “оңай ақша” алаяқтардың айласы екенін ұмытпаңыз.
Дереккөз: https://blog.olx.kz/security-kz/siz-million-utyp-aldyngyz-qazaqstandaghy-alayaqtyq-pen-utystar/