назад в новости
дата публикации:
16.05.2024

Интернеттегі алаяқтықтың ең танымал 4 түрі

Телефон арқылы алаяқтық Жақында Ішкі істер министрі Қазақстан Президентіне интернет-алаяқтықпен күресу шараларын жүзеге асыру аясында жалған нөмірлерден түскен 5,5 миллион қоңыраудың бұғатталғанын хабарлады.

Бастапқы ақпаратты алаяқтар деректер базасының заңсыз нарығынан алады. Телефон арқылы алаяқтықтың мақсаты адамдарды сілтемеге өтуге немесе ақша жіберуге көндіру. Бұрын бұл көбінесе бір реттік қоңыраулар болса, қазір адамдарға ақшаны аударту үшін оны ұзақ уақыт иландырады.

Алаяқтар адамды алдаудың алуан түрлерін ойлап табады. Бұл көбінесе жәбірленуші туралы деректерге байланысты. Алаяқтар өздерін сізге қызмет көрсететін банктің немесе мемлекеттік ұйымның қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін.

Қалай қорғануға болады: Танымайтын адамдар қоңырау шалса, әрқашан сақ болыңыз. Адамның сізге не және қалай айтып жатқанына назар аударыңыз. Алаяқтардың басты міндеті – эмоцияға қысым жасау. Олар өздері айтқан әрекеттерді сізге барынша тез жасату үшін асықтыруға, шатастыруға, қорқытуға тырысады. Асықпаңыз. Тіпті бүкіл ақшаңызды жоғалтасыз десе де, талаптарды орындауға асықпаңыз.

Сондай-ақ алаяқ тек «иә» деп жауап беруге болатын бірнеше сұрақты үсті-үстіне қоюы мүмкін. Абай болыңыз. Мұны байқасаңыз, басқаша жауап беруге немесе тақырыпты өзгертуге тырысыңыз.

Ешқашан құпия ақпаратты, аутентификация кодтарын немесе басқа деректерді бөліспеңіз.

Телефон тұтқасын қойып, сізге қоңырау шалған ұйымның ресми нөмірін тауып, олардан ақпаратты нақтыласаңыз болады.

Ақша жинау Көбінесе алаяқтар көмекке мұқтаж нақты адамдардың немесе жануарлардың фотосуреттерін ресми көздерден алады. Сосын әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, ақша жинау туралы хабарлайды. Осылайша, адамдардың аяушылық сезімін оятып, олардан жалған емге ақша жинайды. Сондай-ақ алаяқтар ауыр дертке шалдыққан кейіп танытып, туыс, дос-жараннан және мейірімді адамдардан алаяқтық жолмен ақша алған жағдайлар да кездеседі.

Қалай қорғану керек: Тәжірибесі тексерілген ресми қайырымдылық ұйымдарын таңдаңыз. Жеке түлғаға көмектескіңіз келсе, құжаттарын сұрап, тексеріңіз: ауруханадан анықтамалар, есепшоттар. Егер қомақты сома туралы айтатын болсақ, ерінбей барып, мұқтаж жандардың жағдайын өз көзіңізбен көріңіз. Оны емдеуші дәрігердің көрсетілген мекемеде шынымен жұмыс істейтінін тексеруіңізге болады.

Алдын ала төлем Көбіне, адамдар интернеттен бірдеңе сатып алғысы келіп, кездейсоқ алаяқтарға немесе алаяқтық сайттарға тап болғанда осы алдау тәсілі орын алады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл интернет алаяқтықтың кең тараған әдістерінің бірі. Алаяқтар өнім немесе қызмет үшін алдын ала аванс немесе толық төлемді алады, бірақ әрі қарай өз міндеттерін орындамайды. Төлемді алған бойда олар тауарды жібермей, сізді бұғаттауы мүмкін.

Қалай қорғану керек: Заттың бар-жоғына көз жеткізу үшін уақыт белгілері көрсетілген қосымша фотосурет сұраудан ұялмаңыз. Мәміле жасағанда сақ болыңыз. Тауарлар мен қаражатты жеке кездесуде беруді ұсынамыз, бөгде сайттарға жеке деректеріңізді енгізбеуді және үшінші тұлғаларға бермеуді ұсынамыз.

Фишингтік алаяқтық Фишингтік алаяқтық тұрақты мәселе болып қала береді. Қылмыскерлер сізден құпия ақпаратты шығару үшін бұл әдісті қолданады. Ең көп таралған әдістердің бірі – веб-сайтты немесе қолданбаны қайталайтын жалған сілтеме жіберу. Айла-амалдарды қолданып, қаскүнем сізден мәліметтеріңізді енгізуді және жүйеге кіруді сұрайды. Сол жерден сіздің ақшаңызды және жеке ақпаратыңызды ұрлауға тырысады.

Сондай-ақ сіздің жеке басыңызды және төлем ақпаратыңызды онлайн сауда үшін пайдалануы мүмкін. Заманауи технологияны түсіне бермейтін егде адамдар көбіне алданып қалады. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін білсе, алаяқтықты болдырмауға болады. Жақындарыңызға бұл алаяқтық схема туралы айтып беріңіз.

Қалай қорғану керек: Бейтаныс сілтемелерге кіргенде абай болыңыз. Көбінесе алаяқтар банкіңіздің немесе сіз білетін кез келген басқа ұйымның өкілі іспетті кейіп танытады. Осылайша қырағылығыңызды бәсеңдетеді.

Қаскүнемдер алаяқтықпен ақшаңызды алуға тырысатын кездер үшін дайын әрі қырағы болу маңызды. Жоғарыда айтылған қадамдарды қолданып, қаржылық шығынның алдын алуға болады. Сондай-ақ жақын адамдарыңызға алаяқтардың тұзағына түсіп қалмас үшін алаяқтық схемалар туралы айтып беріңіз.