№1 белгі: Алаяқ әрқашан сізбен бірінші болып байланыс орнатады. Олар өздері қоңырау шалып немесе әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатады және еліктіретін ұсыныстар жасайды немесе аңғалдығыңыз бен қорқақтығыңызды пайдаланып, ақшаңызды алып алады. Мұндай қоңыраулар мен хабарларға жеңіл-желпі қарамаңыз – бұл сізді алаяқтардан қорғайтын цифрлық гигиенаның бір бөлігі.
№2 белгі: Алаяқтармен әңгіме әрқашан қаржы төңірегінде өрбиді. Қаскүнемдер өздерін банктің, мемлекеттік мекемелердің немесе ірі дүкендердің қызметкерлері ретінде таныстырады, бірақ олардың әңгімесі әрқашан ақшаға қатысты болады. Әрине, алаяқтың сізге қоңырау шалғанын 100% дәл анықтау мүмкін емес, бірақ сақ болыңыз, ақшаға келгенде бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеңіз.
№3 белгі: Олар конфиденциалды ақпаратты жария етуді сұрайды. Банктің немесе құқық қорғау органдарының бірде бір қызметкері сізден төлем картасының деректемелерін, құпия сөзді және CVV-код сұрамайды. Бұған олардың қызметтік этикасына сәйкес қатаң тыйым салынған. Сол себепті бөтен адамдар қорқытып, қоқан-лоққы жасаса да жеке ақпаратыңызбен бөліспеңіз.
№4 белгі: Қаскүнемдер сізді түрлі эмоцияларға итермелейді. Алаяқтар, әдетте, адамның психологиясын жақсы біледі, сол себепті олар сіздің жанды жеріңізге басып, қалыпты жағдайыңыздан шығаруға тырысады. Оған бой алдырмаңыз, дұрысы, өзіңіз банктің немесе мемлекеттің органның байланыс орталығына телефон соғып, мән-жайды нақтылаңыз.
№5 белгі: Сізді шешім қабылдауға асықтырады. Алаяқтар әдейі өздерінің құрбандарын ойлануға уақыт қалмайтын жағдайға әкеледі. Дереу шешім қабылда, немесе өкінесің – алаяқтардың әдетте айтатын сөзі, себебі адамның күйзеліс жағдайында сасқалақтап, абдырап қалатынын жақсы біледі. Егер де бейтаныс біреулер сізді асықтырып, шешім жасауға мәжбүрлесе, әңгімені доғарып, жағдайды жан-жақты ойластырыңыз. Қажет болса, Сіз кез келген уақытта қайта хабарласа аласыз.