Алаяқтар мәтіндік хабарлама арқылы жеке деректерге қол жеткізе алады. Егер Сіз алаяқтар жіберген жалған құпия сөзді қалпына келтіру сілтемесін бассаңыз, мәтіндік хабарлама арқылы жеке ақпараттарыңызды алуға рұқсат берген боласыз.
Интернет алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі – әлеуметтік желідегі аккаунтқа хакерлік шабуыл жасап, жеке парақшаны бұзу. Алаяқтар сол арқылы сіздің атыңыздан жақындарыңыз бен туыстарыңызға жазып, қарызға ақша бере тұруын сұрайды.
Алаяқтықтың бұл түрі жақсы жұмыс істейді. Өйткені ол қарапайым, әрі хакерлер үшін арзанға түседі. Мұндай алаяқтыққа кез келген адам сеніп қалуы мүмкін. Өйткені жақыны көмек сұрап жатқанда бей-жай қарай салатын адам аз. Егер сіз танысыңыздан осындай хабарлама алсаңыз және оның жазбасынан күмәнді әрекет байқасаңыз, дереу анық-қанығына көз жеткізіңіз. Ол үшін танысыңыз екеуңізге ғана мәлім жағдайларды сұраңыз. Егер ол сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаса, ондай хабарламаға мән бермеңіз.
Алаяқтықтың тағы бір өте танымал түрі – қайырымдылыққа қаражат жинау. Сіз әлеуметтік желіден бір науқастың көмек қолын созуды сұраған видеосын немесе жазбасын көріп қалуыңыз мүмкін. Әлбетте, ең алдымен кез келген адам жаны ашып, ақша аударып жіберіп жатады. Олардың басты мақсаты да адамдардың аяушылық сезімін ояту. Қайырымдылыққа ақша жібермес бұрын барлық ақпаратты тексеріңіз: ауруханаға қоңырау шалып, олардан мұндай науқас бар-жоғын біліңіз. Өйткені, науқас адамның еміне қаражат жинау туралы он жарнаманың төртеуі жалған болуы мүмкін.
Интернеттің біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Оны бұғаттау немесе оған мүлдем тыйым салу мүмкін емес. Интернет дамыған сайын хакерлер жеке ақпаратқа қол жеткізу жолдарын үнемі жетілдіріп отырады. Сол себепті интернет алаяқтардың арбауына түспеу үшін қарапайым ережелерді қатаң сақтаңыз. Танымайтын адамдарға ақша аудармаңыз. Әлеуметтік желілерде отырғанда абай болыңыз. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер біздің әлеуметтік өмірімізде үлкен рөл атқарады.
Әлеуметтік желіде барлық әрекеттеріңізді, өзіңіз жайлы толық ақпаратты жарияламаңыз. Сондай-ақ құпиялылық параметрлеріне назар аударыңыз. Көбінесе алаяқтар әлеуметтік желілерден алынған ақпаратты өзіңізге қарсы пайдаланады.
Оңай ақша табу жолын іздемеңіз. Интернетте отырып алып, жылдам ақша табудың оңай тәсілі жоқ. Алаяқтар ғана бір аптаның ішінде ешқандай күш жұмсамай-ақ байып кетудің жолын ұсынады.